16.09.2026, 02:00

Димаш Құдайберген Селин Дионға Париждегі концертінен кейін үн қатты (ВИДЕО)

Фото: dimashnews.com

Канадалық әнші Селин Дион алты жыл үзілістен кейін алғаш рет толыққанды концертпен сахнаға шықты. Париждегі Plenitude аренасында өткен кешті шамамен 30 мың көрермен тамашалады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Концерттен кейін Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген Селин Дионға арнайы үндеу жолдады.

Жарияланған видеода Димаш өнер иесін қайтадан сахнадан көріп, оның дауысын естігеніне қуанышын жеткізді.

«Сізді қайтадан сахнадан көріп, әдеттегідей керемет дауысыңызды естігеніме өте қуаныштымын. Сізге музыка әлеміне сыйлаған барлық дүниеңіз үшін алғыс айтқым келеді.

Сіздің дауысыңыз бен музыкаңыз мені қоса алғанда, әлем бойынша миллиондаған адамға шабыт берді. Сіз өзіңізді қалай керемет сезінсеңіз, сахнада да дәл солай керемет көрініп, ән айтып жүрсіз деп шын жүректен үміттенемін.

Барлығы үшін тағы да рақмет. Сіз – нағыз тірі аңызсыз. Біз сізді қатты құрметтейміз, сізді өте жақсы көреміз. Құдай сізге жар болып, ұзақ әрі бақытты ғұмыр нәсіп етсін», – деді Димаш Құдайберген.

Айта кетейік, Селин Дион денсаулығына байланысты бірнеше жыл бойы сахнадан алыстаған еді. Париждегі бұл концерті – әншінің алты жылдан кейінгі алғашқы толыққанды жеке концерті.