Актриса қыз бала үшін өз үйі мен жары қауіпсіз мекен болуы керек екенін атап өтті.
Танымал актриса Жұлдыз Әбдікәрімова қоғамдағы әйелдер қауіпсіздігі мен адам жауапкершілігі мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында соңғы уақытта жаңалықтарды оқу қиын екенін айтып, әйелдер өліміне қатысты жағдайларға алаңдайтынын жеткізді.
«Елдің болашағы туралы айтып, келешегімізді талқылап жатқанда, тағы бір ана ажал құшты. Өзге біреуден емес, өзі сүйіп, сеніп, өмірін байлаған жарынан», – деп жазды ол.
Актриса қыз бала үшін өз үйі мен жары қауіпсіз мекен болуы керек екенін атап өтті.
«Қыз баласы үшін өз үйі, өз жары қауіпсіз бола алмаса, біз қандай болашаққа ұмтылып жүрміз?» – деді Жұлдыз.
Оның пікірінше, мәселенің түп-тамыры әр адамның адамдық қасиеті мен жауапкершілігіне байланысты.
«Меніңше, мәселе – әр адамның адамдық межесінде. Ардың межесі қандай? Ұяттың межесі ше? Жауапкершіліктің, құрметтің, мейірімнің шегі қайда?» – деп сұрақ қойды актриса.
Сондай-ақ ол қоғамдағы өзгеріс әр адамның өзінен басталуы керегін айтып:
«Қоғам – мен, сен, біздің отбасымыз, біздің балаларымыз», – деп жазды.
Жұлдыз Әбдікәрімова жазбасын «Менің АДАМдық межем қандай?» деген сауалмен аяқтады.