Жағдай өте нашар еді, қалай болғанда да өз үйіңдей болмайды ғой.
«Шал» фильмінде басты рөлді сомдаған актер Ерболат Тоғызақов осы күнге дейін жеке пәтері болмағандықтан шаңырақ көтермегенін, қазір бұл арманын орындауға зейнетақысы жетпейтінін айтты. Сондай-ақ, ол Сібірден отбасымен көшіп келгелі көп қиындық көрсе де, өткен өміріне тек риза екенін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
«Бұрын кеңес өкіметінің кезегі келіп тұрғанда, онымен бірге менің де мүмкіндігім өтіп кетті. Қазір күшім жетпейді. Өз ақшама пәтер алу — орындалмайтын нәрсе. Пәтер бұйырса екен деген арманым бар. Шындығын айтқанда, сондай бір арманым бар еді. Өзімнің меншікті пәтерім болмаса, мен қалай бір адамды алып келіп, «үйленемін, той жасаймын» деп айтамын? Осы күнге дейін неге отбасын құрмадым, неге пәтерім жоқ?» — деді актер.
Ары қарай Ерболат Тоғызақов өзіне өз пәтері болмайынша отбасын құрмаймын деп серт бергенін жеткізді. Алайда актер 78 жасқа келсе де, басында үйі жоқ екенін айтады.
«Кезінде Сібірден келгенде, бәріміз жалдамалы пәтерде тұрдық. Жағдай өте нашар еді, қалай болғанда да өз үйіңдей болмайды ғой. Үй иесімен түсініспеушіліктер, түрлі қиындық болып тұратын. 1964 жылы әкем, әйтеуір, пәтер алды. Содан кейін ғана ес жинай бастадық. Сол кезде жазушылар бір-бірін қонаққа шақырып, қуанып өмір сүретін. Қазірге дейін солай... Сондықтан «өз пәтерім болмаса, үйленбеймін» деп өзіме сөз берген едім. Өз қолыммен жағдай жасамайынша шаңырақ құрмаймын деп шештім. Өзіме серт бердім. Өйткені өз күшім жетпеді, солай өтіп кетті. Өкінетін де ештеңе жоқ, бәрі артта қалды. Ал көңілімде жүрген адам бар ма? Бар, иә, әлі де бар. Тіпті арман болып қалды. Егер жағдай болса, бірге жүрер едік. Басқаша қалай болады?» — деді ол.
Десе де, актер осы өмірді сүруге қайта мүмкіндік берілсе, қуанатынын, махаббат сезімінің бар екеніне сенетінін жеткізді.
«Кезінде қатты ғашық болған сәттерім де болды! Адам болған соң болмай ма?! Өмір ғой бұл. Құдайдың жаратылысы сондай: екі адамды таныстырады, бір-бірін жақсы көреді, отбасын құрады. Бұл — жай нәрсе емес, Жаратқанның ісі. Мен оған сенемін. Содан соң балалар туады... Әрине, менде де ондай ойлар болған, ондай адам да бар. Шынымды айтсам, мен осы өміріме өте ризамын. Қаншалықты қиын болса да, жаман нәрсенің бәрі уақыт өте ұмытылады. Аштық та, қиыншылық та артта қалды. Қазір, Құдайға шүкір, бәрі жақсы. Еңбек етіп, ақша тауып, үй алуға болады. Тек маған қазір күш-қуат жетпейді, ондай жұмыс таба алмаймын. Бірақ, шындап келгенде, мен бұл өмірге өте ризамын. Егер қайта тусам да, осы өмірімді қайта сүрер едім», — деді Ерболат Тоғызақов.