02.08.2026, 16:30

«Айтар сөзім аз емес»: Сәбит Әбдіхалықов жүрекжарды жазба жариялады

Коллаж: sn.kz

Өнер иесі уақыт өткен сайын адамның өмірге деген көзқарасы өзгеретінін айтып, бүгінгі күні ең үлкен байлықтың атақ пен дүние емес екенін жеткізді.

Қазақстандық актер Сәбит Әбдіхалықов 53 жасқа толуына орай жүрекжарды жазба жариялап, өмірден түйген ойларымен бөлісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Өнер иесі уақыт өткен сайын адамның өмірге деген көзқарасы өзгеретінін айтып, бүгінгі күні ең үлкен байлықтың атақ пен дүние емес екенін жеткізді.

«Алланың қалауымен бүгін елу үш жасқа толдым. Жас ұлғайған сайын уақыттың қалай өткенін емес, өмірдің нені үйреткенін көбірек ойлайсың екен. Кеше ғана армандап жүрген күндер бүгінде естелікке айналыпты. Қуаныш та көрдік, қиындық та көрдік. Бірі қанаттандырды, бірі шыңдады. Сенім артқан адамдар да болды, сенімді ақтамағандар да кездесті. Бірақ уақыт өте келе бәріне ренжімейсің, бәріне ризашылықпен қарай бастайды екенсің. Өйткені адамның мінезін де, өмірдің мәнін де сынақ ашады. Осы жасқа жеткенде түсінгенім – өмірдің шынайы байлығы жиған дүниеде де, алған атақта да емес екен. Адамның байлығы – деннің саулығы, отбасының амандығы, ата-ананың берген тәрбиесі, перзенттің күлкісі, достың адалдығы, елдің ықыласы екен. Қалғанының бәрі уақытпен бірге өзгереді», – деп жазды актер.

Сәбит Әбдіхалықов өткен өміріне өкінішпен емес, шүкіршілікпен қарайтынын айтып, өзіне қолдау көрсеткен жандарға алғысын білдірді.

«Бүгін өткен өміріме өкінішпен емес, шүкіршілікпен қараймын. Себебі әрбір басқан қадамым, әрбір жеңісім мен жеңілісім, әрбір қуанышым мен қайғым мені бүгінгі қалпыма жеткізді. Алла Тағала осындай ғұмырды нәсіп еткеніне шүкір. Ата-анамның ақ батасына, отбасымның тірегіне, туған-туыс, дос-жарандарымның ықыласына, әріптестерім мен мені құрметтеп жүрген барша жандарға ризамын. Алла алдағы өмірімде де елге адал қызмет етуді, өнерге шынайы еңбек етуді, жақсылық жасаудан танбауды нәсіп етсін. Денімізге саулық, жүрегімізге иман, шаңырағымызға амандық, елімізге тыныштық берсін. Елу үш – өмірдің тоқырауы емес, кемелдікке бастар белесі. Әлі де үйренеріміз көп, атқарарымыз көп, айтар сөзіміз де аз емес. Шүкір! Барлық мақтау бір Аллаға!» – деді ол.