Тіпті алты ай бұрын алдын ала айтқанмын.
Әзілкеш, актер әрі «Шаншар» театрының директоры Уәлибек Әбдірайымов журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында әнші Қайрат Нұртасқа не себепті ренжігенін ашық айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесінің сөзінше, «Шаншар» театрының мерейтойлық концертіне кезінде осы сахнада өнер көрсетіп, халыққа танылған көптеген әншілер шақырылған. Олардың қатарында Заттыбек Көпбосынұлы мен Сәкен Майғазиев секілді белгілі орындаушылар келісімдерін бергенімен, Қайрат Нұртас мерейтойға қатыспаған.
«Қайратты шақыру үшін оның әкесі Нұртасқа өзім хабарластым. Тіпті алты ай бұрын алдын ала айтқанмын. Концерт жақындағанда анасы хабарласып, Қайраттың басқа жоспарлары бар екенін жеткізді. Мен оған ешқашан тойыма кел деп өтініш жасап көрген емеспін, уақыты жоқ болса, қинамаймын. Бірақ “Шаншардың” мерейтойына келмегеніне шынымен көңілім қалды», – деді Уәлибек Әбдірайымов.
Ол ашу үстінде Қайрат Нұртастың үйіне барып, ренішін айтуды да ойлағанын жасырмады. Алайда қасындағы әріптестері мұндай әрекеттің еш нәтиже бермейтінін айтып, райынан қайтарған.
«Жанымдағы Жүсіп пен басқалары “барып айтқаннан не өзгереді?” деп тоқтатты. Содан кейін қоя салдым. Санасызға сан рет айтсаң да өзгермейді деп ойладым», – дейді әзілкеш.
Уәлибек Әбдірайымов мұндай жағдайдың бұған дейін де болғанын айтып, ЭКСПО көрмесі аясында ұйымдастырылған шара кезінде де Қайрат Нұртастың уәдесінде тұрмағанын алға тартты. Оның айтуынша, осы оқиғалардан кейін әншіге деген өкпесі қалған.