Продюсер Баян Алагөзова мен оның "Қыз Жібек" фильмінде киген камзол дауы әлі де аяқталар емес. Қоғам қайраткері Берік Жүсіпов продюсерді жақтап, оқырмандарға оған былапыт сөз айтуға тыйым салды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы ол желідегі парақшасында мәлімдеді.
«Сонымен, мен Баян жайында неге жаздым, ол иығына ілген бір жеңсіздің дауына не үшін пікір қостым? Кейбір қасқалардың былшытып жатқанындай, бұл тек «әйелдер қауымы айналысатын» шаруа ма? Негізі, мұрада жыныс болмайды, алдымен соны ескеріп қойыңдар. Жасыратыны жоқ, Баян жайындағы жазбаның арқасында парақшамды да тазартып алдым. Үреген көпектерді әлі сүйрелеп шығарып жатырмын.
Мені Баян қарындаспен ымыраласып, «бірдеңе алып жазып отыр» деп ойлайтындарды да байқадым. Надандықта шек болмайтыны түсінікті. Кеше, кешқұрым ол жайында «Дос боламын десең» деген жазба жарияланып жалпы менімен, сондай-ақ менің парақшаммен арақатынас түзудің мән-жайы сол жерде біраз тәптіштелді. Сондықтан, оның айналасын төңіректемей-ақ қояйын.
Жалпы, мен Баян қарындасты танымаймын, көрген емеспін. Оған қарағанда өзінен кейінгі сіңлісін — Бағымды біршама білемін, жақсы музыканттың бірі ретінде. Есесіне, бұлардың әкесін — Мақсат Мұхитденов деген арда қазақты танушы едім. Жалпы түркология тақырыбына, эпостану табиғаты жайында келелі зерттеу жазған, сонысына қарамай өзін тым қарапайым, құбатөбел ұстаған мұндай оқымысты, білімді қазақты сирек кездестірдім. Жалпы, сол адам кісі танудың да қас шебері болатын. Дәстүрлі ән, күй, жыр үлгілерін таспалап қалдыруда Мақаңның замандасы әрі жақаттасы Әлім Байғарин екеуіне теңесетін адам болған жоқ. Ондай жанкештілер қазір де сирек. Қазақ руханиятына жасаған ерен еңбегі ұшан теңіз асылдың, әттең, еленбей келе жатқаны болмаса.
Алтын дауыстарды дер кезінде таңбалап қалдыру үшін мамандығын ауыстырып, өмірін өзгерткен ондай жанкешті жайында білмеуің мүмкін, әрине. Көп адам оның жайына бойлағысы да, Баян болмаса ондай ерен ерлік иелері туралы ойлағысы да келмейді ғой қазір. Ал мен сыртынан қарындасым деп «иеленіп», тілекші болып жүретін Баян — сол асыл ағаның қызы. Маған Баянды тапсырып, аманаттап кеткен ештеңесі жоқ. Бұл менің қазақы жол, дәстүрлі тәрбиеден тапқан өз қалауым.
Ал асылдың сынығы — Баян қарындастың ұлтқа қатысты, тіпті оның утилизацияға ұшыраған көне-көскісін сатып алып, елдің кәдесіне қайта жаратуды ойлап жүретін сергек қасиетін көрген кезде, марқұм әкесі — Мақсат аға есіме түседі. Сөйтіп, алпыс екі тамырын бойлап жылыстаған түйіршіктер «қасқа тумаса да, төбел туғанын» көрсетеді де тұрады. Тек деген — осы, оның сырт келбеті, киім киісі немесе тарғыл тағдыры емес. Әттең, жолы жіңішке, әйтпесе көрсетер еді, ұлтты сүю мен құрметтеудің жолын.
Ал енді сол Баянды кісінің жанын түршіктіретін былапыт сөздермен күстаналап, масқаралауға кім рұқсат берді, Құдайшылығына қарағанда да, заңға баққанда да? Оның жеке басында кімнің, қандай хақы бар? Күйеуге тие ме, ажыраса ма, ол маңдайына жазылған ырықсыз тағдыры емес пе? Сенің және сен сияқтылардың қызының алдында қандай тағдыр күтіп тұрғанын қайдан білесің?
Жалпы, біз ерекше биік қасиеттеріне қоса, шынымен де сөз қуған, ұсақ-түйекшіл екенбіз. Әсіресе, Баянның апа-сіңлілері — қазақтың қыз, келіншектеріне не жорық? Бұлар «Баянды үлгі тұтуға болмайды» деп есептейтін көрінеді. Бұл не сөз? Айналайындар-ау, «мені үлгі тұт» деп жалынып жүрген Баянды көргендерің бар ма? Ол — күрес жолын таңдау арқылы бақытын тапқан әйел. Қарасаңдаршы, оқысаңдаршы сыр-сұхбаттарын. Керісінше, мені үлгі тұтпаңдар деп зарлайды емес пе?
Жалпы, «үлгі тұту» деген түсінік аттың белі, атанның қомы деген дәуірде қалған. Үлгі жоқ. Солай деп пайымдаған дұрыс. Оның үстіне ХXI ғасыр — ешкімді үлгі тұтатын ғасыр емес. Әрине, оның жайын кең түсіндіріп отыруға бұл жерде орын тар. Ал дауға айналған бір жеңсіздің жайына қатысты тағы айтарым: ол мүлік қана емес, біз оның әкесіндей дүниелерді қор тұтып отырған халық екеніміз өтірік пе?
Әрине, мойындау қиын. Бірақ ақиқаты — сол. Ал Баян қарындастың қолына тиген жеңсіздің бағы жанды деп есеп қылған дұрыс шығар. Өйткені ол әйгілі жеңсізге екінші ғұмыр силауға, яғни сол үлгіні көбейтіп, талай қыз-келіншектің иығынан табылу жолында жұмыстануға дайын екенін айтты емес пе?! Баян айтпайды, айтса орындайды, айтқанынан қайтпайды. Сондай ауылдың қызы ғой…», — деп жазды ол.