14.04.2026, 23:30

«Алтын ханым - 2026»: Танымал мектеп директоры Баян Алагөзова ұйымдастырған байқаудың жеңімпазы атанды (ВИДЕО)

Фото: видеодан скрин

Сондай-ақ мектеп директоры әлеуметтік желідегі парақшасында арнайы жазба жариялап, өз әсерімен бөлісті.

Елордадағы мектеп директоры Ақмоншақ Нұртазақызы продюсер Баян Алагөзова ұйымдастырған “Алтын ханым” жобасында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Байқау қорытындысы бойынша топ жарған қатысушы 3 миллион теңге көлеміндегі жүлдені әйелдерді қолдауға бағытталған әлеуметтік бастамаға жұмсайтынын жеткізді.

“Маған осындай мүмкіндік берген Баян Мақсатқызына, қолдау көрсеткен отбасыма, ата-анам мен ата-енеме үлкен алғысымды білдіремін”, – деді ол.

Сондай-ақ мектеп директоры әлеуметтік желідегі парақшасында арнайы жазба жариялап, өз әсерімен бөлісті.

“Бүгінгі жеңіс – менің ғана емес, мені шын жүректен қолдаған әрқайсыңыздың жеңісі. Осы жолда бір сәт те жанымнан табылып, дауыс беріп, жақындарыңызға айтып, қолдау көрсеткен баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін. Сіздердің сенімдеріңіз маған күш берді, ал махаббаттарыңыз жүрегіме үміт сыйлады. Бұл жеңіс – үлкен жауапкершілік, үлкен аманат. Мен үшін бұл тек бастамасы… Алда әлі талай әдемі белестер бар деп сенемін. Жанымдағы әрбір жанға рахмет! Бірге болғандарыңыз үшін, шынайы қолдауларыңыз үшін, жүректен шыққан әр тілек үшін мың алғыс”, – деп жазды ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Ақмоншақ Нұртазақызы – төрт диплом иегері, тәжірибелі педагог, мектеп басшысы әрі блогер ретінде де көпшілікке танымал.