07.04.2026, 03:30

«Жаның жәннатта болсын»: Гүлзира Айдарбекова анасын жоқтады (ВИДЕО)

Коллаж: Sn.kz

Анашым 2 айдай Қайратқа қарасып, өзі бақты. 

Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова желідегі парақшасында жантебірентер жазба жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ол марқұм анасына жоқтау арнаған.

"Кеше анашымның өмірден өткеніне 7 жыл өтіпті деп историяма салған болатынмын. Лентамда естелік болып сақталсыншы. “Туғаннан құлыным деп аймалаған, Өзіңдей аяулы жан қайда маған. Дүние аналармен көрікті ғой, Анасыз бұлбұл құста сайрамаған. -Көз ілмей түн қатқан, Жаным деп үн қатқан, Мәпелеп баласын, мың алғыс, мың алғыс анашым! Анасыз керек емес тақ та маған, Адам ба ана сүтін ақтамаған. Адам боп жүрмесінде жер бетінде, Ананың махаббатын сақтамаған” деген ән жолдарын анашым маған 1 ші сынып оқып жүргенімде жаттатып, 8 ші наурызда мектепте айтқызып еді. Содан кейін сыныпта әр ән-күй сабағында алғашқы ұстазымыз Закия апайымыз, Гуля шықшы тақтаға деп, осы әнді айтқызып, тыңдап отырып бір нүктеге қарап қиялға кететін. Татарстаннан біздің ауылға тұрмысқа шығып, ұзақ уақыт көрмеген,жырақтағы анасына деген сағынышы ма екен, әлде анасы өмірде жоқ болды ма екен деп ойлап қоямын, есіме түскенде. Мен мектеп бітіргенше осы апайымыз Гуля деп еркелетіп, 1 ші сыныптан бастап солай атаған соң, 10 шы сыныпты бітіргенімше барлығы Гуля деп, ал анашымның атауымен, үйдегілер,ағайындар түгел Гули деп титтейімнен атайтын. Мектепті бітіріп Алматыға келген соң, бәрімен өз есіміммен Гүлзира деп танысып, қайта өз есіміммен аталдым. Анашым 92 жасында өмірден өтті. Сіздерге де анашымның жасын берсін! Мен Қайратты босанар уақытымда, студент болғандықтан қара шаңыраққа енеме барып, Түркістан қаласында босанып, 3 айдан соң сессиям басталып, өз анамды қоса Алматыға алып келдім. Анашым 2 айдай Қайратқа қарасып, өзі бақты. Ол Қайратты бәрінен артық жақсы көрді, себебі мені ерекше жақсы көретін. Анашымның есімі де ерекше, басқа ешкімде жоқ шығар ондай есім, қари молда Башар қызы Зайфунун Жаның жәннатта болсын анашым менің!", - деп жазды ол.

Көпшілік Гүлзираға қолдау білдіріп, тілектерін білдірді.