19.03.2026, 05:30

«Әбден жексұрын болдым»: Меруерт Түсіпбаева Майра Ілиясовамен неге араласпай кеткенін айтты (ВИДЕО)

Бұл өмір ғой енді.

Қазақстандық танымал әнші Меруерт Түсіпбаева әріптесі Майра Ілиясовaмен арадағы қарым-қатынастың не себепті суып кеткенін ашық айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Өнер иесі бұл туралы «Әңгіме бар» подкастында сөз қозғап, өткен жағдайға қатысты өз көзқарасын білдірді.

Әншінің айтуынша, олардың арасында түсінбеушілік туындаған. Сол кезде ол өз ұстанымынан таймай, мәселені соңына дейін жеткізгісі келген.

«Бұл өмір ғой енді. Мен де принципке тұрып алдым. Негізі Майра апай жұмсақ кісі. Бірақ мен бастасам, аяғына дейін жеткізбей қоймаймын. Сөздің емес, істің адамымын. Бір жағынан, гештальтты жапқым келді», — деді Меруерт Түсіпбаева.

Сондай-ақ әнші кейбір әрекеттері сырт көзге дөрекі көрінуі мүмкін екенін де жасырмады.

«Мүмкін, сол кезде жексұрын болып көрінген шығармын. Бірақ менің мақсатым басқа еді», — деді ол.

Түсіпбаева бұл подкастты пайдаланып, әріптесінен кешірім сұрағысы келетінін де атап өтті.

«Өмір қысқа ғой. Ол кісінің жасы үлкен. Мен осы подкаст арқылы Майра апайдан кешірім сұрағым келеді», — деді әнші.

Оның сөзінше, дау-дамайдың басты себебі – халықтан жиналған қаражаттың есебіне қатысты сұрақ болған. Алайда бұл мәселе дұрыс түсінілмей қалған көрінеді.

«Мен тек жиналған ақшаның есебін сұрадым. Бірақ ол кісі оны басқаша қабылдап қалған сияқты», — деп түсіндірді ол.

Әнші қазіргі таңда бұл жағдайға сабырмен қарап, өткенге өкпе сақтамайтынын жеткізді.