16.03.2026, 03:30

«Танымалдықтан да шаршайсың»: Танымал актриса Қазақстаннан көшіп кетті

Фото: instagram.com/asselsadvakassova

Актрисаның айтуынша, Қазақстанда өмір сүру өзіне әрдайым ұнаған.

Әсел Сәдуақасова Балиге көшіп келу себебін ашық айтты. Белгілі актриса әрі кинопродюсер Әсел Сәдуақасова шетелге көшу туралы шешімінің себебін айтып берді. Қазір өнер иесі біраз уақыттан бері Бали аралында тұрып жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Актрисаның айтуынша, Қазақстанда өмір сүру өзіне әрдайым ұнаған. Әсіресе Алматы қаласында достары мен таныстары көп, шығармашылық ұсыныстар да жиі түсіп тұрған. Дегенмен дәл осы жайлылық адамның бір орында қалып қоюына себеп болуы мүмкін екенін айтады.

Өнер иесі еңбек жолын өте ерте бастағанын атап өтті. Оның сөзінше, 10-сыныптан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Соның салдарынан соңғы 17 жыл бойы тұрақты қарқынмен өмір сүріп, үздіксіз стресс жағдайында болғанын түсінген.

Актриса танымал болудың жақсы жақтары бар екенін жасырмайды. Алайда оның екінші жағы да бар. Үнемі көпшіліктің назарында жүру адамның жүйкесіне салмақ түсіріп, уақыт өте келе психологиялық және физикалық денсаулыққа әсер етуі мүмкін.

Сондықтан ол кенеттен шешім қабылдап, Бали аралына уақытша қоныс аударған. Сәдуақасованың айтуынша, бұл – өміріндегі ең дұрыс таңдаулардың бірі болған. Өнер иесі аралдағы өмірдің қарапайым әрі тыныш екенін айтады. Оның пікірінше, дәл осындай орта шығармашылық үзіліс жасап, күш жинауға мүмкіндік береді.

«Мен бұл қадамды өзім үшін, денсаулығым үшін жасадым. Уақыт өте келе танымалдықтан да шаршайсың. Өз ісімді жақсы көремін, сондықтан міндетті түрде қайта ораламын. Бірақ қазір маған үзіліс қажет», – деді актриса.