Ұсақ-түйекке бола тексеріс жүргізу дұрыс емес дейді Қуат Хамитов.
Файтер Қуат Хамитов стендап-комик Нұрлан Сабыров төңірегіндегі дауға пікір білдіріп, қоғамды «адамгершілікке келуге» шақырды. Спортшы әлеуметтік желідегі жазбасында Сабыровтың таңдауына назар аударды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, табысы жеткілікті адам шетелге кетіп, жайлы өмір сүруге әбден мүмкіндік таба алар еді. Алайда комик «Қазақстан – менің екінші отаным, өз жерім» деп, Дубайды емес, Алматыны таңдаған.
«Осындай кезде ұсақ-түйекке жармасып, тексеріс ашудың қажеті бар ма? Аз да болса адамгершілік болуы керек», – деді Қуат Хамитов.
Ол сөзін жалғап, қоғамға үн қатты: «Біз бір-бірімізге жау болмауымыз керек. Әйтпесе сырттан жау іздемей-ақ, өзіміз өзімізге қарсы шығып барамыз. Қайда бара жатқанымызды ойланатын уақыт келді».