Арқасы бар адам ғой, жарықтық…
Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық драма театры директорының шығармашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары Елік Нұрсұлтанұлы марқұм актер Асанәлі Әшімовті еске алып, әлеуметтік желідегі парақшасында жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер ордасының өкілі ұлы актердің 40 күндік асы өткенін айтып, оның өмірден өтер алдында жазған күнделігінен үзінді келтірді.
– Бүгін Асанәлі ағамыздың 40 күндік асы өтті. 2022 жылғы күнделігінде өз қолымен жазған жазбасында: «Бүгін құлағыма 88 деп сыбырлады. Оған дейін әлі 4 жылым бар екен», – депті. Арқасы бар адам ғой, жарықтық… Жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын! Әумин, – деп жазды ол.
Желі қолданушылары бұл жазбаға бейжай қалмай, халық әртісінің өнер жолын, қазақ театры мен киносына қосқан өлшеусіз үлесін еске алып, марқұмның рухына тағзым етті. Көпшілік Асанәлі Әшімовті қазақ сахнасының символына айналған біртуар тұлға ретінде атап, оның есімі өнер тарихында мәңгі қалатынын жазуда.