29.01.2026, 16:40

«Уақыт келді»: Димаш Құдайберген алғаш рет оқырмандарынан қолдау сұрады

Фото: instagram.com/dimash.kudaibergen

Бұл байқауда жаңа есімдер, жаңа сапа және жаңа көзқарас пайда болады.

Әнші Димаш Құдайберген өзі продюсерлік ететін «Voice Beyond Horizon» (Көкжиектен асқан үн) атты халықаралық тележобаның басталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Өнер иесі бұл жобаның Қазақстан шоу-бизнесін жаңа деңгейге шығаратын маңызды қадам екенін атап өтті.

«Қазақстан шоу-бизнесін халықаралық дәрежеге шығаратын уақыт келді. Біз енді жай көрермен емеспіз – біз сахнаға шығатын елміз. Индустриямызды, туризмді, экономиканы шоу-бизнес арқылы дамытуға дайынбыз.

Бұл байқауда жаңа есімдер, жаңа сапа және жаңа көзқарас пайда болады. Бұл шоуды көру – тек тамашалау емес, Қазақстан шоу-бизнесінің жаңа дәуірін қолдау.

Әлем бізді тек талантты ел ретінде ғана емес, мәдени ықпал жасай алатын хаб ретінде тануы керек. Сол мүмкіндікті бірге жасайық. Сіздерден тек «Voice Beyond Horizon» парақшасына тіркеліп, әлеуметтік желіде қолдау көрсетулеріңізді сұраймын. Жаңа қадам құтты болсын!» – деді Димаш.

Аталған жобаға Қазақстаннан бөлек Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербия елдерінен келген орындаушылар қатысады. Олар халықаралық сахнада бақ сынап, өз өнерлерін паш етпек.

Айта кетейік, әлемдік деңгейдегі бұл мегажобаны жақын арада «Qazaqstan» телеарнасынан көруге болады.