$ 505.53  593.44  6.34

«Жәннат нәсіп етсін»: Мұхамеджан Тазабек қаралы хабар айтты

Берекелі әулеттің берері де, көрері де таусылмасын!

Фото: Әлеуметтік желіден
Фото: Әлеуметтік желіден

Айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек марқұм құдасы Әлімбек Омарға арналған жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«Ширек ғасыр аға - іні боп араласып, соңғы жылы өзара құда боп құрмет көріп, ет жақыным боп кеткен Әлімбек Омар көкем кеше Раббысына аттанды. Мен көрген бақытты тұлғаның бірі еді. Әкесі Далбай ақсақал мен Бүбира анасын алақандарына салып, баладай өбектеп, өмірден өткенше батасын алды. 

Ағайын-туыстың ұйытқысы боп, басын иманда біріктіріп, ізгіліктің үстінде жүргізді. Елдің, діннің қызметінде ғұмырын сарп етті. Қордайдың "Алға" ауылынан бастап, Астананың төріне дейін жазғы лагерьлер ұйымдастырып, мыңдаған отбасылардың он мыңдаған ұл-қызына әдеп, иба үйретіп, тілін калимаға келтіріп, жүрегін құран нұрына толтырды.

Елімізде қызмет етіп жатқан қанша қарилар мен хафиздар, имамдар мен молдалар сол кісінің, берекелі әулеттің шарапатты шапанынан шыққанын мақтанышпен айтады. Түркияның, Өзбекстанның, Қырғызстанның қаншама ғұлама, ғалымдарымен, сақи бай, салихалы тұлғаларымен дос болып, көрген өнегесін, білген жобаларын елге өрнек қып жайды.

Мінезі шын мағынасында көркем - досты сағындыратын, дұшпанды дос қылатын қасиетке бай еді. Сол үшін бәріміз сағынып тұратын едік. Көрсек кеткіміз келмей, сөйлессек қоштаса алмай қиналатын едік. 

Жұбайы Рая тәтеміз Әлімбек аға ауырып жатқанда: "Әлекең жігіттің төресі ғой, жазылып кетсе екен. Елге керек азамат қой" деп, егіле дұға қылғанына талай куә болдық. Кейде жарыңа жақпай, жарыңа жақсаң туысыңның тілін таппай, ағайыныңмен сыйлассаң алыстағыны ренжітіп жатасың...

Әлімбек аға бәріне сүйкімді еді. Үлкендер алдыға салып, кішілер кісілігінен үлгі алатын. Алла тазартып алайын деген шығар, соңғы бес жыл дертпен күресті. Дендеген ауыру алып тынды... Кіші қызын келін ғып түсіріп, немере сүйіп, қызығын көріп жатырмыз.

Аллаға шүкір! Берекелі әулеттің берері де, көрері де таусылмасын! Әлімбек ағамның (құдамның) туғандарына, жақын-жанашырларына, Рая тәтеге, перзенттеріне қайғырып көңіл айтамын! Алла Тағала рахымына бөлесін! Фирдаус жәннатын нәсіп етсін! Иманды тұлғаның ізгі істері өлмесін!», деп жазды ақын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары