"Қазіргі таңда әрқайсымызда бар жалғыз нәрсе — сенім".
Танымал актер Мұрат Бисембиннің қызы әкесінің қазіргі жағдайы туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, актер қатерлі ісікпен күресін әлі де жалғастырып жатыр. Сонымен қатар ол инсульт алып, ауыр кезеңдерді бастан өткеріп жатқанын жасырмады.
Актердің қызы әкесінің денсаулығына қатысты ойымен әлеуметтік желіде ашық бөлісті.
«Көпшілік менен әкемнің жағдайын жиі сұрайды. Оған біржақты жауап беру оңай емес. Жағдайы әрқалай — кейде жақсы, кейде ауырлау кезеңдер болады. Дегенмен біз әрдайым позитивті көңіл күйді сақтауға, барлық жағымсыз ойды алыстатуға тырысамыз.
Өз парақшамда мен көбіне жақсы сәттерді ғана көрсетемін: жаттығулар, дайындық, жарыстар, жақындарымның және өзімнің жетістіктерім, сондай-ақ күнделікті қарапайым өмір.
Біз жақсы дүниелерді насихаттауға тырысамыз, ал көп нәрсе кадр сыртында қалады. Ата-анам біз істеген әр ісімізге әрдайым қолдау білдіріп, жетістіктерімізге қуанып отырады.
Әкем — мен білетін ең мықты адамдардың бірі. Рухани тұрғыда да, физикалық тұрғыда да өте күшті жан.
Осы бір жарым жыл ішінде әкем мен анам талай қиындықтан өтті: бір ауруханадан екіншісіне, бір клиникадан келесісіне, үздіксіз талдаулар, ем-дом, химиотерапия, қайта қалпына келу кезеңдері. Мұның бәрін көрсету де, айтып жеткізу де мүмкін емес.
Қазіргі таңда әрқайсымызда бар жалғыз нәрсе — сенім. Әкемнің міндетті түрде жағдайы жақсаратынына, бір күні ремиссияға шығатынына деген үміт.
Бұл жағдайдағы ең ауыр нәрсе — өткен күндерді еске алу. Әкемнің дені сау, сергек, қуатты кездері.
Қазір ол күресін жалғастырып жатыр. Бәрі жақсы болады. Әмин.
Бізбен бірге жақсылыққа сеніп жүрген барша жанға алғыс айтамын. Бұл біз үшін өте құнды», — деп жазды ол.
Желі қолданушылары актерге амандық, күш-қуат және тезірек сауығып кетуін тілеп, жылы лебіздерін білдірді.