"Бүгін тұңғышымыз 25 жасқа толды".
Қазақтың ән өнерінің бұлбұлы атанған Бибігүл Төлегенова белгілі жұлдызды жұптың тұңғыш перзентіне ақ батасын берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Айта кетейік, осыдан 25 жыл бұрын Бибігүл Төлегенова Бекболат Қыдырәліұлының тұсауын кескен болатын. Араға жылдар салып, аңыз әнші жас жігітке тағы да ізгі тілегін арнады.
Бұл қуанышты сәт туралы Бекболаттың анасы Қарақат Әбілдина әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Ол ұлының 25 жасқа толғанын айтып, бұл күннің отбасы үшін ерекше мәнге ие екенін жеткізді.
«Бүгін тұңғышымыз 25 жасқа толды. Аллаға шүкір! Бекболатымыздың тұсауын кезінде қазақ ән өнерінің абызы, аңыз тұлға Бибігүл Ахметқызы Төлегенова апамыз кесіп, ақ батасын берген еді. Бұл - жүрегімізде мәңгі сақталған тарихи күн. Міне, күні кеше 96 жасқа толған асыл апамыздың тағы да ақ батасын алу нәсіп болып, сол бір ізгі тілегі көңілімізді қуанышқа бөледі. Ұлым, туған күнің құтты болсын! Алдыңнан тек ақ ниетті жандар жолықсын. Жүрегің иманға, ойың парасатқа толсын. Қадамдарың берік, бағың ашық болсын. Аңыз адамның ақ батасы өмір бойы жебеп жүрсін », – деп жазды Қарақат Әбілдина.
Өз кезегінде Бибігүл Төлегенова да жұлдызды жұп пен олардың ұлына жүрекжарды лебізін білдірді.
«Қыдырәлі мен Қарақат, балаларыңның тұңғышы азамат болып, ер жеткенімен құттықтаймын. Айналайын, Бекболат, кеше ғана тұсауыңды кескендей едім, бүгін міне 25 жасқа келіп қалыпсың. Денсаулығың мықты, жолың ашық болсын», – деді аты аңызға айналған әнші.
Сондай-ақ өнер иесі Бекболатқа өзінің ақ батасын берді.