Екі жаққа да еркеледім.
Qazaqstan ұлттық телеарнасының Tansholpan бағдарламасына қонақ болған әнші Өмірқұл Айниязов отбасылық өмірі мен бала тәрбиесіне қатысты жеке тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесі баласын ата-әжесінің қолына бергенін, алайда бұл шешімге нақты бір талап қойғанын жасырмады. Оның айтуынша, өзі де бала күнінде ата-әжесінің тәрбиесін көрген.
«Бастауыш сыныпты аяқтағанға дейін ата-әжемнің қолында өстім, кейін ғана өз ата-анама бардым. Екі жаққа да еркеледім. Бірақ бір ерекшелігі – өз әке-шешемді “аға, жеңге” деп атадым. Сол сезімнің қандай екенін ішім жақсы біледі», – деді әнші.
Осы тәжірибесін ескерген Өмірқұл Айниязов баласын ата-анасына тапсырғанда бір ғана талап қойғанын айтты.
«Сондықтан өз баламды ата-анама бергенде бір-ақ талап қойдым. Ол мені әкесі ретінде тануы керек. Мен келгенде “әке” деп алдымнан шығуы тиіс», – деді ол.
Әншінің бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Кейбірі оның сөзінен бала кезіндегі ішкі сағыныш пен психологиялық әсерді байқағанын жазса, енді бірі ата-әже тәрбиесінің оң тұстарын атап өтті.
«Бұл – бала кезден қалған сезім», «Ата-әже тәрбиесі мейірімділікке үйретеді», «Қазір “травма” сөзін тым көп қолданамыз», «Бұрынғы заман басқа еді», – деп пікір қалдырды оқырмандар.
Көпшілік әншінің ұстанымын түсіністікпен қабылдап, баланың кімнің қолында өссе де, ең бастысы – әке мен ананың рөлі мен орны анық сезілуі қажет екенін атап өтті.