28.11.2025, 12:40

«Жаназада отырғандай...»: Ұзату тойында әкесін ойлап ағыл-тегіл жылаған блогер көпке жақпай қалды (ВИДЕО)

Фото: видео скриншот

Сағыныш пен өкініш жылатады. Бұл – табиғи.

Желіде атышулы “Қалаулым” жобасының бұрынғы қатысушысы, блогер Ақжарқын Жомартованың тойында ағыл-тегіл жылаған сәті түсірілген видео қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жуырда ғана Ақжарқын тұрмысқа шыққан. Ал тойда түсірілген видео оның жеке парақшасында жарияланып, небәрі бірнеше күннің ішінде 2,7 миллион қаралым жинаған.

Белгілі болғандай, Ақжарқынның әкесі осыдан жарты жыл бұрын өмірден өткен. Қызы оның алдын ала қалдырып кеткен видеосын дәл той үстінде бір-ақ көріп, өз-өзін ұстай алмай қалған. Кадрларда әкесі “Дос-Мұқасанның” әнін қызына арнап айтып, жүрекжарды тілегін жеткізеді, әкелік батасын береді. Сондай-ақ олар бірге өткізген жылы естеліктер де көрсетілген.

«Әке... Соңғы видеоны көрмеген едім. Өзімді әрең ұстап тұрдым. Сағындым сізді…» – деп жазды блогер.

Видео той қонақтарын ғана емес, әлеуметтік желідегі мыңдаған көрерменді де тәнті етті. Комментарийлерде көпшілік оның сезіміне ортақтасып, қолдау білдірген.

«Басынан өтпеген адам түсінбейді… Алла жақындарымызға ұзақ ғұмыр берсін.»

«Не сонша, жаназада отырған сияқты ғой! Жасанды көрінді. Әр нәрсенің өз орны болады, мұнысы тым артық әрі ерсі.»

«Бұл — іште жиналған өксік. Қай қыз тойында әкесінің жанында болғанын қаламайды дейсіз?! Жүрек осылай жарылады.»

«Тек әкесін шын жақсы көрген қыздар ғана түсінеді. Сағыныш пен өкініш жылатады. Бұл – табиғи.»

«Актриса сияқты егіліп жылағаны біртүрлі көрінеді. Адам өзін ұстай білуі керек қой. Анасы да тым сабырлы. Ешқандай эмоция байқалмайды.»

«Мен де өз тойымда жылағам, бірақ дәл бұлай емес. Мен 21 жаста едім, ал Ақжарқын 30-дан асқан, бәрін түсінетін жас. Әрине, әкені ойлаған жүректі қысады, бірақ елдің алдында бұлай еңіреу — орынсыз. Көз жасын тыюға да болады.»

Кейбірі блогердің эмоциясын түсіністікпен қабылдаса, енді бір бөлігі мұндай жеке естелікті көпшілік алдында көрсетудің қажеті жоқ екенін айтып сынауда.