Біз қазір әлемдік деңгейде ажырасу бойынша 16-орында, ал Азия елдерінің ішінде 2-орындамыз
Желіде айтыскер әрі қоғам белсендісі Бекжан Базарбек соңғы күндері ел аузынан түспей тұрған Дариға Бадықова мен жұбайының сұхбатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, бұл сұхбаттың төңірегіндегі қызу талқылау қоғамда ер мен әйелдің арасына жік салып отыр.
«Бүгінгі күні Бадықова мен күйеуінің арасындағы сұхбат әлеуметтік желіде кеңінен таралып жатыр. Бірақ мұның астында үлкен идеологиялық күш жатқан секілді. Себебі ерлер мен әйелдер, жігіттер мен қыздар болып әлеуметтік желіде бөлінушілік пайда болды», – деді ол.
Бекжан Базарбек мұндай контент қоғамда “қазақ ерлері ез”, “әйелдер ақша көрсе өзгеріп кетеді” деген қате түсінік қалыптастырып жатқанын айтты.
«Соңғы онжылдықта коучтар көбейіп, қазақтың ер-азаматтарын төмендетіп, әйелін сыйламайтын, құлдық санадағы халық ретінде көрсетіп келді. Соның да салдары бар. Біз қазір әлемдік деңгейде ажырасу бойынша 16-орында, ал Азия елдерінің ішінде 2-орындамыз», – деді ол.
Белсенді қазақ қоғамының өз тамырынан алыстап бара жатқанын да тілге тиек етті:
«Біздің ата-бабаларымыз Қыз Жібектің жырында қыздың қадірін жоғары қойған. Ал қазір қазақ қызының намысын емес, хайп іздеп отырмыз. Ер мен әйел бірін-бірі толықтыратын қасиетке ие. Өнбейтін дауды қуып, өспейтін ел болмайық», – деп қорытындылады Базарбек.