07.10.2025, 01:30

Димаштың Нью-Йорктегі концерті: Қазақтың тарихын әлем жазып жатыр, ал өз медиамыз үнсіз…

Фото: видеодан скрин

Stranger атты шоуда Димаш Қазақстанның Әнұранын шырқағанда, 20 мың көрермен тік тұрып, қол соқты.

Нью-Йорктің қақ ортасында 20 мың адам орындарынан тұрып, Димаш Құдайбергеннің орындауындағы Қазақстанның Әнұранын шырқады. Ал қазақтың өз ақпарат алаңы – үнсіз. Бұл – жай концерт емес, қазақ мәдениетінің әлем сахнасына шыққан тарихи сәті еді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

5 қазан күні Димаш әлемге әйгілі «Мэдисон Сквер Гарден» сахнасында жеке концерт берді. Бұл – Майкл Джексон, Бейонсе, Элвис Пресли, Селин Дион сияқты аңыз тұлғалар ән шырқаған арена. Енді сол қатарда – қазақтың ұлы Димаш Құдайберген.

Stranger атты шоуда Димаш Қазақстанның Әнұранын шырқағанда, 20 мың көрермен тік тұрып, қол соқты. Көрермендер арасында америкалықтар да, басқа елдің азаматтары да болды. Бірақ бәрі қазақ әншісінің дауысымен бірге қазақ рухын сезінді. Сол сәтте залда көк байрақтар желбіреді, қазақ тіліндегі ән әлемнің жүрегін жаулады.

Бұл – жай өнер кеші емес, қазақтың мәдени жеңісі, рухтың биік көрінісі. Алайда біздегі медиа бұл тарихи оқиғаны дер кезінде жарыққа шығармады. Күн сайын «жанжал», «саяси шу», «жұлдыздардың айтысы» деген ақпараттарға толы жаңалықтар тасқынында осындай сәт шетте қалды.

Димаштың Нью-Йорктегі жеңісі – тек бір әншінің табысы емес, бүкіл ұлттың әлемге таныстырылған бейнесі еді. Қазақ баласы бұрын тек аңыз тұлғалар шыққан сахнада Әнұран шырқады. Бұл — тарих. Бірақ, өкінішке қарай, сол тарихтың куәсі болуға өз ақпарат алаңымыз кешігіп қалды.

20 мың көрермен тік тұрып, Қазақстанның Әнұранын бірге шырқаған сол сәт — қазақ өнерінің шын мәніндегі жеңісі болды. Бірақ өз жеңісімізді өзіміз елемесек, ертең оны біз үшін өзгелер жазады.