12.09.2025, 12:40

«Кобальтпен жүргенім үшін кемсітті»: Сырым Исабаев өнерден кеткеннен кейінгі өмірі жайлы сыр шертті

Фото: видеодан скриншот

Әншінің сөзінше, бір жолы жанармай құю бекетінде күтпеген жағдай орын алған.

Танымал әнші Сырым Исабаев өнердегі үзіліс кезеңінде түрлі кемсітулерге тап болғанын жасырмады. Бұл туралы ол журналист Аман Тасығанның подкастында айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Әншінің сөзінше, бір жолы жанармай құю бекетінде күтпеген жағдай орын алған.

«Бензин құятын қызметкер болмай қалды. Көп жерде өзім құя беремін ғой, ондайға үйренгенмін. Сол кезде Cobalt-пен жүргенмін. Өзім құйып тұрғанда, екінші көліктегі бір кісі: “Сәке, сізге не болды? Ән айтып жүргенде жарқырап жүретін едіңіз ғой” деді. Арғы жағында не болып жатқанын білмейді ғой. Айтып қойды да, көлігіне мініп кете барды. Бірақ сол сөз жүрегімде қалып қойды», – дейді ол.

Исабаевтың айтуынша, дәл сол сәтте іштей айтылмай қалған ой-реніш кейін әнге айналған.

«Леңгір жақта аранжировщик досым бар еді. Соған қоңырау шалып, “Музыкаңды қос, бара жатырмын” дедім. Не айта алмай жүргенімді өзім де білмеймін. Кітап алдырып, парақтап отырып “Өкінбеймін” деген сөзді көзім шалды. Сол сәтте жүрегімдегіні түсіндім. Бірден ән туды. Жүректен шыққан ән жүрекке жетті», – деп түйіндеді өнер иесі.