"Әлі ұмытқан жоқпын".
Қазақстанның халық әртісі, әнші Мақпал Жүнісова “Хабар” арнасының “Алғашқы” бағдарламасында өзінің алғашқы махаббаты жайлы естелігімен бөлісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әншінің айтуынша, алғашқы сезімі мектеп қабырғасында басталған.
"Әлі ұмытқан жоқпын. Үшінші сыныпта оқып жүргенімде бесінші сыныпта Қанат Каргузов деген бала бар еді. Өте сымбатты болатын. Бірақ бұл махаббат маған бұйырмады", – дейді ол.
Жүнісова “Гүлдер” ансамбліне келген жылдары Қанат әскерден оралған. Сол кезде оның досы Қабдеш арқылы әншіге хабар жолдап, кездесуге шақырған.
"Мен: “Оған бір жыл шыдасын деп айт. Әзірге жұмыс істейін, бір жылдан кейін жазда барамын, үйленеміз” деп уәде бердім. Бірақ ол күте алмады. “Кетсең де шалғай” әнін сол Қанатқа арнап, жылап айтқан едім", – деп еске алды өнер иесі.
Әншінің айтуынша, Қанат өмірден өтіп кеткен.
"Бес жыл бұрын Қанаттың баласы хабарласты. “Мақпал апа, мен Қанат Каргузовтың баласы едім” деді. Жүрегім дір ете қалды. “Әкемнің аманаты бар еді, қайтыс болғанда Мақпалға айт” деп өсиет қалдырған екен. Әлі күнге дейін оның альбомында менің суреттерім мен хаттарым сақтаулы", – деді Мақпал Жүнісова.