04.08.2025, 16:20

«Maxi шайға бойкот»: Имам «қазақтар исламды қабылдамаған» деген Баян Алагөзоваға қарсы шықты

Коллаж: Sn.kz

"Бұл — жай ғана қателік емес, тұтас ұлттың рухани тарихына жасалған ауыр соққы".

Танымал продюсер Баян Алагөзованың “Қазақтар Ислам дінін қабылдамаған” деген пікірі қоғамда қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл сөздерге алғашқылардың бірі болып дін өкілі, имам Данияр Кенжеұлы қарсы пікір білдірді. Ол продюсердің күйеуі Тұрсен Алагөзовке тиесілі “Maxi шайынан” бас тартуға шақырды.

“Бұл — жай ғана қателік емес, тұтас ұлттың рухани тарихына жасалған ауыр соққы. Қазақ – ежелден мұсылман халық. Тарихты жоққа шығару — рухты қорлау. Егер жүрегінде иман болса, мұндай сөздерге қарсы үн қата біл. Maxi шайды ішпеуге шақырамын”, – деді имам.

Алайда оның бұл үндеуі әлеуметтік желіде жұртшылықтың түрлі пікірін тудырды.

Кейбір қолданушылар имамның әрекетін екіжүзділікке балап, былай деп жазды:

“Қыз зорлағандар мен әйел өлтіргендерге неге бойкот жоқ?”, “Кәсіп ашып, халыққа көмектеспей жатып, неге бір шай үшін жұртқа бойкот жариялайсың?”, “Кедейлік, жемқорлық, зорлық-зомбылыққа үндемейсіңдер. Ал бір пікір үшін ұрандатасыңдар!”.

Қоғамда әртүрлі көзқарас қалыптасты. Бірі – имамды қолдаса, енді бірі Баян Алагөзованың пікірін сөз еркіндігі деп қабылдауда.