"Қалайда осы қызға үйленемін дедім".
Қазақстанның халық әртісі Қанат Айтбаев «Бенефис-шоу» бағдарламасында жұбайы Светланамен қалай танысқанын еске алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Светамен таныстығым қызық оқиға болды. Өнердің ішінде жүрген соң, болашақ жарым да мені түсінетін, шығармашылыққа жақын жан болса екен деп армандайтынмын. Университеттегі құрбыларыма қалжыңдап: “Араларыңда маған тұрмысқа шығатын қыз жоқ сияқты, себебі ешқайсың ән айтпайсыңдар”, – деп айтып жүретінмін», – деп бастады әңгімесін Қанат Айтбаев.
Оның айтуынша, өзі екінші курста оқып жүргенде Димаш Құдайбергеннің анасы Светлана Төлемісова білім алған оқу орны «Қыз сыны» байқауына төрелік етуге бір топ жігітті шақырған.
«Байқауға қатысқан қыздардың бәрі әдемі еді. Біз Светаға екінші орын бердік. Арада он шақты күн өткен соң, теледидардан облыстық “Қыз сыны” байқауының бас жүлдесін Светлана Төлемісова жеңіп алды деген жаңалықты көріп қалдым. Осы біз екінші орын берген қызымыз енді облыста бас жүлде алыпты. Сол сәтте достарыма: “Осы қызға үйленемін”, – дедім. Олар сенбей, “Сен өзің оған екінші орын бердің, енді облыстың жеңімпазы саған қайдан қарасын?” – деп күлді. Бірақ мен нақты шешім қабылдадым – қалайда осы қызға үйленемін деп. Кейін әрең дегенде кездесуге шығарып, ақыры отбасын құрдық», – деп еске алды Қанат Айтбаев жымиып.