"Қазақ тілінде әлемдік деңгейдегі музыканың іргесін қалаған алғашқы топ — солар".
Әнші Ильхан Ихсан жас орындаушылар туралы пікір білдіріп, отандық музыка саласындағы өзгерістерге қатысты ойын ортаға салды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
AIQAP подкастына берген сұхбатында өнер иесі қазақстандық музыканың даму жолына тоқталып, өзінен бұрынғы әріптестерінің еңбегін атап өтті.
"Егер Ninety One болмаса, біз де болмас едік. Мен, Sadraddin, Kalifarniya, Мирас және басқалар. Қазақ тілінде әлемдік деңгейдегі музыканың іргесін қалаған алғашқы топ — солар. Бұған дейін бізде мұндай сападағы клип те, рэп пен поп жанрын үйлестіре алған ән де болмаған", — деді Ильхан.
Сондай-ақ ол плагиат мәселесіне де тоқталды.
"Әлі күнге дейін ән көшіру деректері кездеседі. Мысалы, “Марс” деген әнімді шетелдік әртістен шабыт алып жазғанмын. Мұны жасырмаймын. Сол секілді атмосферада ән жасағым келді. Халық бұл ұқсастықты байқап, “шетелден көшіріпсің” деп жазды. Бірақ мен әннің толық нотасын көшірмеймін, тек көңіл күйі мен стилистикасын жеткізгім келеді", — деп түсіндірді әнші.