$ 521.57  601.01  6.65

Шу ауданында ең үздік кітапхана байқауы өткізілді

Мемлекет Басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды тапсырған болатын. «Рухани жаңғырудың» басты мақсаты – өскелең ұрпақтың рухани-мәдени сауатты болуына атсалысып, белгілі тұлғалардың еңбектерін дәріптеп, оларды жас ұрпақтың санасына сіңіру. Даламен үндесіп, бабамен тілдесіп, жаңамен үйлесіп, өз биігіне жеткен салт-санамызды ұмытпау. Осы бағдарлама аясында Жамбыл облысы Шу ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған  кітапханалар жүйесі «Ең үздік ауылдық кітапхана» байқауын өткізді.

Халықтың асыл мұрасын жинақтаған кітапхана қай елдің, қай халықтың болмасын өткені мен бүгінін байланыстырады. Еліміздің ғылымы мен білімінің, мәдениетінің көкжиегін кеңейтуде ауқымды үлес қосады. Байқауға Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық кітапханасының қызметкерлері мен осы саланың мамандары қатысты. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты» медалінің иегері, жамбылдық ақын Аяз Бетбаевтың өнер жолын насихаттау мақсатында әдеби сазды кеш болып өтті.

Іс-шарада ақынның арнау өлеңдері, ой толғамдары мен шығармалар оқылды. Кітапхана қызметкерлері «Кененнің Аязға берген батасы» атты көрініс ұйымдастырды.«Туған жер» бағдарламасын нақты жүзеге асыру үшін қазақстандық қоғамда жаңа рухани дәстүрді қалыптастырудың маңызы зор. Мұндай шығармашылық кештер алдағы уақытта да өз жалғасын табады, - дейді ұйымдастырушылар.

Бағдагүл Алжанбаева, Шу ауданы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры:

- Біз өзіміздің өңірден шыққан тұлғалардың өнегелі өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында осындай іс-шара өткізіп отырмыз. Дәстүр бойынша жылда кітапхана байқауы ұйымдастырылады.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы биыл сәуір айында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған болатын. Елбасының бұған дейінгі бағдарламалары мен жолдаулары ел экономикасын тіктеуге негізделсе, «Рухани жаңғыру» аты айтып тұрғандай, қазақ қоғамының санасын жаңғыртуды көздейді. Мақалада «Туған жер» бағдарламасынан бөлек бірнеше басым бағыттар бар. Олардың қатарында «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Киелі жерлердің картасы», Қазақ әліпбиін латын графикасын көшіру сынды жобалар жүзеге асатын болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары